АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігі полицейлерге пара ұсынғаны үшін сотталған адамдардың санын жариялады. Олардың ішінде бас бостандығынан айырылғандар да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, былтыр полиция қызметкерлеріне пара ұсынған 103 адам анықталды. Ал биыл жыл басынан бері 99 факт тіркелді. Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басқарма бастығы Әділғожа Құсайыновтың айтуынша, бүгінде полицейлерге қатысты жасырын тексеріс жүргізіледі.
Сол себепті олар параны ұсынып жатқанын бірден хабарлайтын болды. Пара берушілердің көбісі айыппұл төлеуге міндеттелді. Бірақ бас бостандығынан айырылған адамдар да бар.
"Мысалға, пробация қызметінің қызметкеріне 10 мың теңге мөлшерінде пара ұсынғаны үшін Алматы қаласының тұрғыны бұрын сотты болған азамат 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды", - деді Құсайынов бүгінгі онлайн брифингте.
Түркістан облысында полицияның бөлімі бастығының орынбасарына 50 мың теңге пара берген ер адамға 750 мың теңге айыппұл салынды. Сол сияқты Астана тұрғыны 562 мың теңгеге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершіліктен құтылу үшін патрульдік полицейге 50 мың теңгені "Каспий" арқылы аударған.
Айта кетері, ішкі істер министрлігі полицейлерге пара ұсынбауға үндеп отыр.