АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда 309 адам банкрот деп танылды. Олардың жалпы берешегі 435 млн теңгені құрайды.
Кірістер комитеті таратқан мәліметке сәйкес, барлығына 14-14 қызметінен соттан тыс банкроттық рәсімнің аяқталғаны және банкрот деп танылғаны туралы sms-хабарлама жіберілген. Сондай-ақ олар туралы ақпарат eGov порталында орналастырылды.
Банкрот деп танылған азаматтардың 22-сі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болса, 232-сі бес жылдан астам кредитін өтей алмай жүріпті.
"Банкрот деп танылған тұлғалардың орташа жасы 40 жасты құрайды. Бүгінде банкротқа ұшырағандардың ең жасы 1 миллион теңгеден астам қарызы бар Қызылорда облысының тұрғыны, ол 23 жаста. Ал ең қарт банкрот болған азамат Маңғыстау облысында тұрады, 65 жаста, оның 3 миллион теңгеден астам қарызы есептен шығарылады. Бұл азаматтар ауыр қарыздан құтылды", - дейді салықшылар.
Осы орайда мамандар банкроттықтың салдары бар екенін еске салды. Одан өткен адамға бес жыл бойы жаңа кредит алуға тыйым салынады. Оған қоса, үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі.