Депутат кейбір азаматтардың букмекерге бәс тігуіне заңмен тыйым салуды ұсынды
© Sputnik / Нина Зотина
/ Жазылу
Әлеуметтік зерттеуге қатысқан азаматтардың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған және кредитін үш айдан бері төлемей жүрген азаматтардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен вице-премьер Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында құмар ойындар проблемасын көтерді. Айтуынша, "казиноларды қақсап жүріп Қапшағайға, шулап жүріп Щучинскіге көшіргенмен, мәселе өз шешімін толық таппаған".
"Тамырын терең жайған құмар ойын шырмауық секілді күндіз-түні өрімдей жастарымызды шырмап, қалада да, далада да есірткіге еліткен жандай ес-түсінен айырып, түрлі онлайн интернет-казинолар мен терминалдарға телміртіп қойды. Салдарынан құмар ойынға шатылғандар адам айтса сенгісіз ауыр қылмыстарға барып, қатігездіктің ошағы белең алып барады", - деп қапаланды ол.
Әшімжановтың ақпаратынша, былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд теңге) көп.
Amanat партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу барысында халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан. Респонденттердің 66,1%-ы ойынқұмарлықты тәуелділік деп санаған. Бұл ретте, респонденттердің 61%-ы, әсіресе, ауыл тұрғындары Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салу қажеттігін құптаған.
"Бүгінгі таңда букмекерлік кеңселер өз қызметін жарнамалауға және қазақстандықтарды құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Олардың теледидарда, радиода және интернетте жарнамасы қызып тұр. Еліміздің жетекші телерадио арналары отандық және шетелдік спорт трансляциясы кезінде буын бұрқыратып букмекерлік кеңселерді жарнамалауда. Бұдан бөлек, қоғамдық орындардағы ешқандай жауапты органдар бақыламайтын лотерея терминалдары жастардың болашағына балта шабуда. Кәмелетке толмаған, буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терминалдардың құрсауында жүр. Ал бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 444-бабы 2-бөлігі бойынша тыйым салынған", - дейді Әшімжанов.
Осы орайда депутат құмар ойындардың жарнамасына тыйым салған әлем елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.
Мәселен, Италия 2019 жылы құмар ойындар мен букмекерлік компанияларды жарнамалауға тыйым салды. Әзербайжанда 2021 жылдан бері құмар ойындар, бәс тігу мен лотереялар жарнамаланбайды. Ал Бельгия үкіметі 2023 жылдан букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды жарнамалауға біртіндеп тыйым салу туралы заңдар қабылдап жатыр.
"Құмар ойын дегеніміз – қып-қызыл от! Ол от бүгін ұрпағымызға ауыз салса, ертең қоғамымызды өртке орайды. Сондықтан құмар ойындардың зынданына түскендердің күн санап артып бара жатқанын ескеріп, біз үкіметтен нақты іс-шараларды жедел түрде қолға алуын талап етеміз", - деді Әшімжанов.
Біріншіден, депутаттар үкіметтен букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған және кредитін 3 айдан астам уақыттан бері төлей алмай жүрген қазақстандықтардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салуды талап етті.
Екіншіден, қолданыстағы заңнамаға қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы тиісті өзгерістер енгізу керек.
Үшіншіден, Қазақстанда тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электронды казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет.
Төртіншіден, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда "Lotomatic" секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек.
Бесіншіден, жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керек.