Өңірлер

Маңғыстауда су тұщыту зауытының құрылысы басталды

Зауыт Жаңаөзен халқын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
Sputnik
АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысында жаңа су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Жоба президенттің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Зауыт Қарақия ауданы Тоқмақ жерінде салынады. Қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын зауыт Жаңаөзен қаласы халқының ауыз суға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Жобаны "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес мекемесі – "Өзенмұнайгаз" әзірлеген.
"Бұл жоба "Астрахан-Маңғышлақ" су құбырынан су тарта отырып, Жаңаөзен қаласы мен басқа да елді мекендердің тұрғындарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға мультипликативті әсер етеді. Сондай-ақ халыққа жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал болады, - деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Әкімдіктің ақпаратынша, су тұщыту зауытының құрылысы өңір үшін жүздеген жаңа жұмыс орнын ашады. Құрылыс кезеңінде 240-тан астам адам, ал зауыт жұмысын бастаған соң 100-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады.
Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтап, 2025 жылы көктемде зауытты жобалық қуатқа шығару жоспарланып отыр.
Президенттің Қазақстан халқына жолдауы - 2023
Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік құрылады