Денсаулық сақтау министрлігі сібір жарасын жұқтырған мал етіне қатысты пікір білдірді

Сібір жарасы инфекциясының таралған ошақтарда дезинфекция жұмыстары жүргізілді
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Ақмола облысында сібір жарасы жұқтырған мал еті туралы ақпаратты жоққа шығарып, оны сенімсіз деп атады.
Жарқайың (11 адам) және Есіл (2 адам) аудандарында сібір жарасына күдікті дерттің таралуына қатысты 13 факті анықталған соң, ол жерде карантин жарияланып, жолға бекеттер қойылды.
Науқастардың барлығы Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылында орналасқан "Үшқарасу" ЖШС жұмысшылары.
Кейіннен қазақстандықтар мессенджерлер арқылы сібір жарасын жұқтырған мал еті туралы бір-біріне ескерте бастады. Таралған ақпаратта ет елордалық дүкендердің сөрелеріне жеткен деп айтылып, жақын уақытта ет сатып алудан бас тартуға кеңес берілген. Алайда денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты сенімсіз деп атады.
"Зертханалық тексеруге 32 сынама алынды, оның ішінде 21 ет сынамасы, қоршаған орта нысандарынан 11 сынама және 20 жағынды, оның ішінде сібір жарасының ДНҚ-сы анықталған ПТР оң нәтиже көрсеткен 14 ет сынамасы бар. Барлық зерттелген аумақтарда дезинфекция жүргізілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін аумақтан алып шығуға шектеу шаралары енгізілді. 536 келі ет өртеу жолымен жойылды. Ет ауданнан тыс жерлерге шығарылмаған", - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомстводағылар тұрғындар мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген деректерді жарияламауға шақырып, жағдай мемлекеттік органдардың бақылауында екенін баса хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сібір жарасы туралы қауесетті жоққа шығарды