АЛМАТЫ, 31 тамыз – Sputnik. Самара-Шымкент тас жолының 311-ші шақырымында жүк көлігі өртеніп, 20 тонна киім жанып кетті, деп хабарлады "Мой город" порталы.
Өрт 28 тамызда сағат 17:00 шамасында болған.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жолда киім тиелген жартылай тіркеме өртеніп кеткен. Кейін өрт құрғақ шөпке ауысып, үш гектар жер өртенді.
"Тауардың салмағы шамамен 20 тонна тартқан. Фураның рөлінде 25 жастағы Қырғызстан азаматы болған. Ол Мәскеуге бет алған", - дейді портал.
Өрт сағат 22:00 шамасында толығымен жойылды. ТЖД-ның 14 қызметкері жұмылдырылды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.