АСТАНА, 29 тамыз - Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанаға кіру жағынан ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеді, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысынан кейін вице-премьер Астанаға көшіп келушілер санына шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты.
“Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Жастар оқуға келіп жатыр. Қалада жұмыс орындары ашылуда. Елорданың бүгінгі инфрақұрылымы халыққа тиісті жағдай жасауға мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді", - деді Дүйсенова.
Осы ақпарат жан-жаққа тарап, халықтың ашуын туғызды. Түстен кейін министр журналистерді жинап, ішкі көші-қон жағынан ешқандай шектеу қойылмайтынын мәлімдеді.
“Қазақстан азаматты үшін Астанаға кіру, тұру және шығу жағынан ешқандай шектеу болмаған, болмайды да”, - деді Дүйсенова арнайы брифингте.
Министр үкімет отырысынан кейін Астананың бас жоспарындағы шектеулер туралы айтқанын жеткізді. Ол құжатта әрбір ауданда тұратын халық, мектеп пен аурухананың саны көрсетілген. Бұның барлығы нақты стандартпен бекітілген. Бірақ қазақстандықтардың жүріп тұруы жағынан ешқандай шектеу жоқ.
“Таңертең екі түрлі сұрақ қойылды. Мен бас жоспар бойынша сұраққа жауап бердім. Мен өздеріңіз сияқты адаммын ғой. Ол жерде адамның дауысы дұрыс естілген жоқ. Мен микрофонға жақындап, мына жерде дұрыс естілмейді деп айттым ғой. Сол кезде қазақстандықтардың конституциялық құқығы туралы сұрақ қойылды. Бүгін бәрін нақтылап алдық, ешқандай шектеу жоқ. Сіздерге осыны түсіндірейін деп шақырдым. ”,-деп атап көрсетті Дүйсенова.