Жұмысшысының атына 1,5 млн теңге кредит рәсімдеген дүкен иесі ұсталды

1,5 млн теңгеге онлайн несие рәсімдеп алған
Sputnik
АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Түркістанда өз жұмыскерінің атына 1,5 млн теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген дүкен қожайыны анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу оның атынан 1,5 млн теңгеге онлайн несие рәсімдеп алды.
Жедел іздестіру шаралары барысында алаяқтық жасаған ер адам анықталды. Ол жәбірленушінің жұмыс берушісі – дүкен иесі болып шықты. Кәсіпкер сауданың кіріс-шығыс есебін тексеремін деген сылтаумен қол астындағы қызметкерінің телефонынан алып, банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеп алған. Ал ақшаны өз пайдасына жұмсап жіберген.
Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Осы қылмыс үшін 4 000 АЕК-ке (13 800 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар я болмаса төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Риддер тұрғынының атына кредит рәсімдеген жігіт ұсталды