АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желілерде "Қазақстан" шахтасындағы өрт қасақана қойылуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Қарағанды облысының полиция департаменті мұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Желіде тараған ақпаратта полицияға сілтеме жасалған, алайда департамент қызметкерлері мұны фейк деп отыр.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр, тиісті сараптамалар жасалады, соның нәтижесінде өрттің себебі анықталады", - деп мәлімдеді полициядағылар.
Құқық қорғаушылар облыс тұрғындарын қауесет пен арандатуға ермеуге, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
"Жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген", - деп толықтырды полициядағылар.
Атап өтсек, бұл бап бойынша 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, сол көлемде түзету жұмыстары, не 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не бір жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.