Қоғам

Шахтадағы апат: төртінші кеншінің денесі табылды

Sputnik
АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында "Қазақстан" шахтасында қаза болған төртінші кеншінің денесі табылды, деп хабарлайды "АрселорМиттал Теміртау" АҚ баспасөз қызметі.
1994 жылғы Артур Халиков 4 разрядты жерасты электршебері болып жұмыс істеген. Еңбек өтілі 10 жыл.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Өрт кезінде жер астында қалған бесінші шахтер әлі іздестіріліп жатыр.
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы өртенді. ТЖ кезінде жер астында 227 адам болған, оның 222-сі құтқарылды. Жер астында қалған бес кеншінің төртеуінің денесі табылды.
Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов 19 тамызда апат болған шахтаға барды. Үкімет басшысы қаза болған кеншілердің отбасына мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қоғам
"Қазақстан" шахтасында өрттен қаза тапқан үш кеншінің аты-жөні жарияланды