АСТАНА, 16 тамыз - Sputnik. Астанада 2035 жылға дейінгі бас жоспар жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Елорданың сарапшылары мен бей-жай қарамайтын тұрғындары қаланың келбетін жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
"Астана қаласындағы қоршаған орта жағдайының базалық сценарийі және оның 2035 жылға дейінгі өзгеру болжамы" есебін әзірлеуші Анатолий Пинигин Талдыкөл көлінің бөлінген бөліктерін қосуды ұсынды.
""Талдыкөлді ары қарай тереңдету керек. Сонда су басу қаупі сейіледі", - деп түсіндірді Пинигин.
Ол бастапқыда 20 гектар көлді сақтау жоспарланғанын атап өтті.
"Бұл жақсы емес. Құтқаруға болатын барлық нәрсені сақтау керек. Өкінішке орай, жоғарғы көлдер қазірдің өзінде жойылып жатыр", - деп қосты сарапшы.
Оның айтуынша, бүгінде елорданың жасыл аймағы 16 мың гектарды құрайды, 2035 жылға қарай оны 40 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
Жаңа бас жоспарға сәйкес, елорда148 жоспарлау секторына бөлінеді.
"Жоспарлау секторы - бірнеше тұрғын аудандардан тұратын ірі қалалық аймақ. Жоспарлау секторының қағидаттары - жалпы білім беретін мектептердің, балабақшалардың жаяу жүргіншілерге қолжетімділігі, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпықалалық магистральдарды кесіп өтуіне жол бермеу. Қала халқын, оның ішінде балаларды, қарттарды, халықтың мобильділігі төмен топтарын жаяу жүргіншілерге қауіпсіз қолжетімділік радиусында қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету",-деп баяндады "Астанагенплан" ғылыми-зерттеу жобалау институты" ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдірахманов.
2035 жылға қарай елордада 164 жалпы білім беретін мектеп, 93 мемлекеттік денсаулық сақтау объектілері, 17 өрт сөндіру депосы салынады.
Екі жыл бұрын экобелсенділер Талдыкөлдің тағдырын айтып, дабыл қақты. Өйткені әкімдік Талдыкөлді толтыра бастаған болатын. Бұл жер көптеген жылдар бойы аққулардың мен қоқиқаздардың мекені болған жер. Кейін Нұр-сұлтан әкімдігі көлді экожүйесін бұзбай табиғи саябаққа айналдыруға уәде берді.