Елорда тынысы

"Өте лас": Нұр-Сұлтан әкімдігі Кіші Талдыкөлдің болашағы туралы айтты

© Sputnik / Абзал КалиевКіші Талдыкөл
Кіші Талдыкөл - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2021
Жазылу
Органикалық қосылыстардың шіріп кетуі және қоқыстың жиналуынан ол жағымсыз иістің, жәндіктердің таралу ошағына айналды

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек — Sputnik. Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатын болады. Қазіргі уақытта суының ластану дәрежесі «өте лас» деп саналады, деп жазды елорда әкімдігінің сайты.

"Органикалық қосылыстардың шіріп кетуі және қоқыстың жиналуы нәтижесінде сулы-батпақты нысан жағымсыз иістің, жәндіктердің таралу ошағы болып табылады. Кіші Талдыкөл – ағынды су жиналған орын, үлкен Талдыкөл көлімен табиғи байланысы жоқ және жер үсті ағындары мен жер асты сулары арқылы өзара қосылмайды", - дейді әкімдіктегілер

Олардың мәліметіне сүйенсек, зерттеу нәтижесінде негізгі иондар (қаттылық, кальций, магний, хлорид), ауыр металдар (темір), улы заттар (фтор), биогендік заттар (аммиак азоты және нитриттер) нормадан бірнеше есе асатын концентрацияда болды. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша шаруашылық-ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға болмайды.

Осылайша, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары үшін қауіпсіздік пен жайлы өмір сүру мақсатында Кіші Талдыкөл зиянды заттардан тазартылмақ. 20 гектарға жайылған Кіші Талдыкөл су айдыны (Сығанақ көшесінің солтүстігі, Е22 көшесінің оңтүстігі, Тұран даңғылының шығысы және Ш.Айтматов көшесінің батыс жағы) сақталатын болады. Сондай-ақ су деңгейін арттыру үшін түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, батпақты жер тазартылған тоғанға, ал маңайы саябаққа айналады.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан тұрғындарына енді Бурабайға барудың қажеті болмайды – бас архитектор

"Сулы-батпақты нысанның іргелес бөлігі игерілетін болады. Онда әлеуметтік нысандар орналасады: тұрғын үйлер, 2,5 мыңға жуық оқушыға арналған оқу орны, балабақша, медициналық орталық және т.б. Қала Үкімет қаулысы бойынша бекітілген елорданың бас жоспарын іске асыру аясында салынып келеді. Бұл қаланың ықшам құрылысы. Мысалы бір кездері Тұран даңғылы, "Хан Шатыр" сауда орталығы, "Зеленый квартал" тұрғын үй кешенінің аумақтары да батпақты болған", - деп хабарлайды елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.

Талдыкөлдің (үлкен Талдыкөл) өз экологиялық инфрақұрылымы болатынын атап өткен жөн. Оның жанында қорық және орман-саябақ аумағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Ал екінші экопарк – Майбалық көлінің жаны да (әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағы) тартымды орын болмақ.

Жаңалықтар
0