Ал тірі қалғандардың тек 8%-і ғана салыстырмалы түрде толық қалпына келеді. Қалған 82%-і мүгедек күйде қалады. Науқастардың үштен бірі инсульттан кейін күйзеліске ұшырайды. Sputnik Қазақстан инсульт деген қандай ауру, оның алдын алу шаралары және алғашқы белгілері туралы толығырақ баяндайды.
Инсульттің себептері
Инсультті ишемиялық және геморрагиялық инсульт деп бөледі.
Ишемиялық инсульттің негізінде жеткізу тамырларының бірі арқылы миға қан ағымының күрт тоқтауы жатыр. Мұның себебі қан ағынының саңылауын бітеп тастайтын тромб болуы мүмкін.
Геморрагиялық инсульт бас миы тамырының жарылуы салдарынан пайда болады. Бассүйек кеңістігіне қан ағып, тіндерге таралады және миды қысады.
Ешкім де инсульттан сақтандырылмаған. Бұл аурудың көпшілігі 55 жастан асқан адамдарда кездеседі. Бірақ ұрықтың жатырішілік дамуының 20-шы аптасынан бастап сәбилерде перинаталды инсульт жағдайлары да кездеседі.
Ауру күтпеген жерден басталады және оны болдырмау мүмкін емес деген пікір кең таралған. Бірақ іс жүзінде олай емес. 80% жағдайда инсультті болдырмауға болады.
Инсульттің даму факторлары
Инсульттің алдын алу адамның салауатты өмір сүруге ұмтылысының маңызды бөлігі болып табылады.
Инсульт пайда болу қаупінің факторлары:
қысымның айтарлықтай төмендеуі бар тұрақсыз гипертония;
жүрек ырғағы бұзылуының бірі ретінде жүрекшелердің фибрилляциясы;
қант диабеті;
темекі түтінін жұту (белсенді және пассивті темекі шегетін адамдар);
алкогольді тұтыну (тәулігіне 50 грамм ащы алкоголь, 200 грамм шарап немесе жарты литр сыра);
абдоминальді семіздік (әйелдерде бел көлемі 88 сантиметрден немесе ерлерде 102 сантиметрден жоғары);
тәулігіне 5 грамнан артық (шай қасық) тұз тұтыну;
жиі күйзеліс және психологиялық-эмоционалды шамадан тыс жүктеме;
гиподинамия (адамның қозғалыс мүмкіндігінің айтарлықтай төмендеуінен туындаған көптеген патология).
Егер адам өмірінде осы аталған белгілердің кем дегенде біреуі бар болса, онда инсульттің алдын алу туралы дәл қазір ойлану керек.
Инсульттің диагностикасы
Әдетте, инсульттің алғашқы белгілерін науқастың айналасындағы адамдар байқайды. Алғашқы минуттарда қауіпті жағдайға күдіктеніп, дереу жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмекті бастау керек. Ауру басталғаннан кейін алғашқы төрт жарым сағатта адамды мүгедектіктен құтқаруға болады.
Геморрагиялық инсульттің алғашқы белгілеріне мыналар жатады:
өте қатты бас ауруы, құсуы мүмкін;
сананың жоғалуы;
тырыспалар;
көз қарашығының бір жағынан кеңеюі;
сөйлеудің бұзылуы;
аяқ-қолдардың салдануы;
есте сақтау қабілетінің жоғалуы;
кеңістік пен уақытқа қатысты адамның санасын, ойын жоғалтуы.
Ишемиялық инсульттің алғашқы белгілері
Әдетте бұл белгілер алғашында тым елеусіз болады, бірақ өте қауіпті.
бұлшықет тырысуы, мысалы, аяқты бүгуге немесе иекті кеудеге тіреуге мүмкіндік бермейді;
ыстықтау сезімі, шамадан тыс терлеу, жүрек соғуының күшеюі, әлсіздік;
мидың зақымдалған аймағымен "басқаратын" органдардың қызметі бұзылуы (қолдың немесе аяқтың өтпелі әлсіздігі, түсініксіз сөйлеу, бір көздің уақытша көрмей қалуы).
Мамандар адамда инсульт бар-жоғын анықтау үшін мынандай жеңілдетілген тест жүргізуге кеңес береді: адамнан жымиюды сұраңыз – оның жымиюы асимметриялық сипатта болады; адамнан өзінің аты-жөнін айтуды сұраңыз – науқастың тілі күрмеліп, сөзі түсініксіз болады; адамнан қолдарын жоғары көтеруді сұраңыз – бір қолы көтерілмейді (ішінара немесе толық).
Айта кету керек, жедел жәрдем келген кезде жоғарыда аталған симптомдардың бір бөлігі немесе барлығы уақытша жоғалып кетуі, ал адам өзін толық сау сезінуі мүмкін. Бірақ ауруханаға жатқызудан бас тарту көп ұзамай ретке келтірмейтіндей ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Өйткені ол проблемалар келесі күні қайта басталуы ықтимал: науқас жартылай сал, тұрақты соқырлық немесе сөйлеу қабілеті бұзылған күйде оянады. Мұның барлығы адамның уақыт жоғалтуының салдары болады. Сондықтан инсульттің пайда болуына қатысты кез келген күдік болса, міндетті түрде адамды ауруханаға жатқызу қажет.
Инсульт кезінде көрсетілетін алғашқы көмек
Адамның инсульт алу қаупі туралы хабарланғаннан кейін медициналық көмекті күту кезіндегі алғашқы көмек көрсетудің маңызы зор. Оларға мыналар жатады:
науқасты жатқызу;
оған таза ауа жұтуға мүмкіндік беріп, киімдерін шешу;
бар болса, тіс протездерін алып тастау;
адамды жалғыз қалдырмай, әр 5 минут сайын қан қысымын өлшеу;
жүрек айнуының алғашқы белгілері пайда болған кезде басын бір жағына бұру;
өзі қалаған көлемде су ішкізу;
жәбірленушінің тілінің астына бір мезгілде 10-12 дана глицин қоюға болады;
"жедел жәрдем" мамандарына барлығын баяндау.
Инсультті емдеу
Науқастар мен олардың отбасылары кез келген инсульттан айығу ауруханадан шығумен аяқталмайтын ұзақ мерзімді қолайсыздық пен қиын жағдай екенін білуі керек. Науқастың күнделікті өміріне міндетті процедураларды енгізу оның жоғалған функцияларын тезірек қалпына келтіріп қоймай, сонымен қатар қайталанатын инсульттің алдын алуға көмектесетінін ұмытпау керек.
Инсульттан кейін адамды дұрыс оңалту үшін бірқатар шараларды орындау қажет. Олардың ішінде мына процедуралар бар:
қол мен аяққа жеңіл массаж;
науқастық қозғалу белсенділігін қалпына келтіруге көмектесетін жеңіл жаттығулар;
қол саусақтарының ұсақ моторикасын дамытуға арналған арнайы жаттығулар;
судағы массаж, бұлшықет тартылысын ынталандыратын судағы процедуралар.
Науқасты оңалтуға бағытталған барлық медициналық процедураны сауатты орындау адамның тәуелсіз өмірге қайта оралуына әкеледі. Әдетте оңалту кезеңі шамамен 3 жылға созылады.