Маңғыстау облысында қысқартуға іліккен мұнайшыларға жаңа жұмыс ұсынылды

Бес жұмысшы балама ұсыныспен келісті, жақын арада жаңа компанияда жұмыс істей бастайды
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысындағы "Dunga" кен орнында қысқартуға іліккен мұнайшыларға сервистік компаниядан жаңа жұмыс ұсынылды, деп хабарлайды Lada.kz порталы.
"TOTAL E & P Dunga" компаниясы штаттың қысқаруына қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, қысқарту жұмыс сапасын арттыру үшін жасалған. Сол себепті 11 жұмысшыға жұмыстан босату туралы хабарлама табыс етілген.
"Компанияның жағдайы мен көп жылдық тәжірибесін ескере отырып, оларға балама нұсқа ретінде төрт айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төлей отырып, еңбек шарттарын бұзу ұсынылды. Бұдан басқа, компания қысқартылатын жұмыскерлерге жалақыны сақтай отырып, сервистік аутсорсингтік компанияда жұмысқа орналасуды, жалақыға бес пайыз үстемеақы төлеуді және тоқтату күні бойынша сыйлықақы төлеуді ұсынды", - деп хабарлады компания.
"TOTAL E & P Dunga" хабарлағандай, бес жұмысшы балама ұсыныспен келісіп, жақын арада жаңа компанияда жұмыс істей бастайды. Басқа жұмысшыларға шешім қабылдауға қосымша уақыт беріледі.
"Қызметкерлердің өтініші бойынша бұл жағдай облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжановтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және еңбек жанжалдарының алдын алу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның алаңында қаралды. Өңір бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жүргізіліп жатқан қысқарту процесінде еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізуді жоспарлады, оның нәтижесі бойынша тиісті қорытынды беріледі", - деп хабарлады компания.
Жұмысшылар "TOTAL E & P Dunga" ұсынған жаңа жұмыс орнына алаңдаушылық білдіріп отыр. Ал компания оған еш негіз жоқ, жаңа жұмыс орны тұрақты, әрі еңбекақысы жақсы болатынын айтады.
"TOTAL E & P Dunga" жұмыс сапасын арттыру мақсатында оңтайландыру бойынша іс-шаралар өткізіп, ұжымда тұрақтылықты сақтау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды", - деп сендірді компания.
Еске сала кетейік, TOTAL E&P Dunga компаниясының 20-ға жуық қызметкері видеохабарлама жазып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын.
Маңғыстаулық мұнайшылар қысқартуға қарсы наразылық білдірді – видео