Маңғыстаулық мұнайшылар қысқартуға қарсы наразылық білдірді – видео

© AP Photo / Tony GutierrezМұнай өндіру
Мұнай өндіру - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.08.2023
Жазылу
Бұрын Францияның TOTAL компаниясына тиесілі болған кен орнының жұмысшылары жұмыстан қысқартылатыны туралы хабарлама алған
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысының мұнайшылары өздері жұмыс істейтін компания жұмыстан қысқартып жатқаны туралы мәлімдеме жасады.
Түпқараған ауданындағы "Доңға" кен орнында жұмыс істейтін TOTAL E&P Dunga компаниясының 20-ға жуық қызметкері видеохабарлама жазды, деп хабарлады Lada.kz.
Жұмысшылар компания тікелей келісімшарт жасаған қызметкерлерді қысқартып жатқанын жеткізді. Мұнайшылардың айтуынша, қазірдің өзінде 10 адам қысқарту туралы хабарлама алған. Жұмысшылар компания басшылығы оларды мердігер ұйымға ауыстыруды көздеп отырғанын мәлімдеді.
"Жаңа жерде жұмыс болатынына кепілдік жоқ болғандықтан осында қалғымыз келеді. Жиналыс өткізіп, қысқарту себебін көрсету керек. Әйтпесе жұмысшылардың құқығы бұзылды деген сөз", - дейді мұнайшылар.
Жұмысшылар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, премьер-министр Әлихан Смайыловтан, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан және облыс прокуроры Руфат Құттықовтан көмек сұрады.
Айта кету керек, "Доңға" мұнай-газ кен орны Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан. Мұнда тәулігіне 7,4 мың баррельге жуық мұнай өндіріледі. Геологиялық қор 106 миллион тонна мұнай мен 6 миллиард текше метрден астам газды құрайды. Кен орны өнімді бөлу туралы келісім бойынша игеріліп жатыр. Total E&P Dunga GmbH (француздық TotalEnergies компаниясының еншілес компаниясы) Доңға кен орнындағы 60%, Oman Oil Company Limited – 20% және Partex Kazakhstan Corporation 20% үлесіне иелік етеді.
Өткен жылдың желтоқсанында Total Energies компаниясы Total E&P Dunga GmbH еншілес компаниясының 60% үлесін 330 миллион долларға сату туралы келісімге қол қойды. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" компаниясының үлесті сатып алуға қызығушылық танытқаны хабарланған болатын. Алайда акцияны 2022 жылдың қарашасында "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген Oriental Sunrise Corp Ltd компаниясы сатып алды.
Мұнайшылардың наразылығы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен тұспа-тұс келді.
Бір күн бұрын ол "Өзенмұнайгаз" мердігер ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Қызмет көрсету және жөндеу ұйымдарының жұмысшылары жұмыс істейтін әлеуметтік жағдайлар талқыланды.
Жаңалықтар
0