АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Полиция қоғамдық резонанс тудырған Шымкенттегі "Romantic" гүл дүкенінде болған оқиғалар туралы түсініктеме берді.
Бірінші видеода ақ футболка киген адам үстелден қайшыны алып, гүл сатушыға тап берген. Бұл жайт 8 тамыз күні болған.
"Аталған жағдайға қатысты полицияға сатушыдан ешқандай арыз түскен жоқ. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықталды", - деп жазды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері бұзақыны анықтап, Тұран АПБ-на жеткізді. 1990 жылы туған азамат Түркістан облысының тумасы болып шықты. Шымкент қаласында тұрады. Оның әкесі - 1952 жылы туған зейнеткер. Бәйдібек ауданында тұрады.
Ер адам "Ұсақ бұзақылық" бабымен 7 тәулікке қамауға алынды.
Екінші видеода басқа 1989 жылы туған азамат бейнеленген. Әкесі жоқ, анасы зейнеткер.
Осы жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен.
Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.
Бұл жайтқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат осыжылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.