АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып ала алады.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Ақша ата-аналардың шотына аударылады.
"Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата - аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді", - дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді.
"Жалпыға бірдей оқыту" қоры мына балаларға қаржылай көмек көрсетеді:
атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға;
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;
жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
төтенше жағдайға тап болған оқушыларға (соның ішінде Абай облысында өрттен қаза тапқан орманшылардың балалары да бар).
Еске салсақ, былтыр мектеп жиынтығын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталған болатын.