АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдарға ғылыми атағы үшін қанша үстемақы төленетінін жариялады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарында ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ке артты. Бұдан бөлек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 18%-ке, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан 17%-ке көбейетін болады.
Сонымен қатар "Қазақстан Республикасының ғылым мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделген норма аясында ғылыми атағы бар ғылыми қызметкерлерге үстемеақы мөлшерін арттыру көзделген.
Биылдан бастап ғылыми атақ болған кезде мынадай мөлшерде үстемеақы белгілеу көзделіп отыр:
Ғылым кандидаты, философия докторы және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор үшін 25 еселенген АЕК (бұрын 17 АЕК);
Ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор үшін 42 еселенген АЕК (бұрын 34 АЕК);
Ғылым кандидаты, философия докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар профессор үшін 50 еселенген АЕК (бұрын 17 АЕК).
Атап өтсек, үстемақылар тиісті диплом немесе білім туралы құжатты тану туралы куәлік болған жағдайда негізгі жұмыс орны бойынша жүзеге асырылады.