Елорда тынысы

Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешені биыл аяқталады

Sputnik
АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Осы жылы Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша 4 мыңдай үлескер отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралады. Қала басшысы "Қорғалжын кварталы", "Мирный дом", "Араби 2 – Гранитный 2", "Зере-2", "Арыстан", "Future Home", "Садовые кварталы", "Территория комфорта-1 2-кезек" тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен кездескен.
"Құрылысы ұзаққа созылған ғимараттардың жағдайы әртүрлі. Бір жерінде үйдің тек жақтауы ғана бар болса, енді бір тұсында қазаншұңқыры ғана қазылған. Мәселен "Арыстан" тұрғын үй кешенінің құрылысы 11 жыл бұрын басталған. Ал нысанды өткізу кезінде тек 20-30%-ы ғана дайын еді. "Садовые кварталы" тұрғын үй кешені 8 жыл бұрын проблемалы деп танылса, нысанды өткізу кезінде іргетасы ғана болатын! Мыңдаған үлескер отбасы баспанасын күтіп жүр", - деп жазды Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Әр үй бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Биыл құрылысы ұзаққа созылған 30 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – шамамен 4 мың үлескер отбасы. Олардың бір бөлігін аяқтадық", - деді елорда әкімі.
Айтуынша, үлескерлер абаттандыру, инженерлік желілер салу және тағы басқа мәселелерді көтереді. Әкімдік өз тарапынан мердігерлерге барынша көмек көрсетеді.
"Дегенмен олардың үлескерлерді жалған уәдемен үміттендіруіне жол бермейміз. Біздің міндетіміз – ұзақ құрылыстарды аяқтау және үлескерлерге пәтер кілтін тапсыру", – деді Жеңіс Қасымбек.
Астанада төрт мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр