Коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артады

Sputnik
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Өткен 10 жыл ішінде экономиканың энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 36,7%-ға қысқартылып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"2060 жылға дейінгі стратегияны қабылдағаннан кейін 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткішін 40%-ға, ал ұзақ мерзімді перспективада – 2050 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр", - деді экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысында.
Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы 2040 жылға қарай халық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату қызметтерімен 100%-ға қамтылуға тиіс.
Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы 2050 жылға қарай өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын қалпына келтіру және жаңадан салу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
ЖЭО-ны жаңғырту және газ отынына көшу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту есебінен атмосфераға шығарылатын ластаушы заттарды азайту көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстарын басқару салаларында да экологияға қолайлы шараларды іске асыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты 2525 МВт болатын 132 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Жаңа нысандарды іске қосу жоспарлы мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Жалпы, 2027 жылға қарай тағы 6720 МВт жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланып отыр.
Қоғам
"Атырау халқы бір күнде ұйқыдан оянбай қалуы мүмкін": депутат шұғыл шара қабылдауды сұрады