АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз жылу электр станциясын жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде екі қазандық жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, тағы 8 қазандықты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Біріншіден, жылу желілерін жаңартуға 9,4 миллиард теңге қарастырылған. Негізі жаңа желілердің құрылысы жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен жүргізіледі. Осы ақшаға жаңа құбырлар салынады, жылу жүйесі кеңейтіледі. Тарифке ондай шығындар кірмейді", - деді Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ал Екібастұз жылу электр станциясының өзінде 10 қазандықтың бесеуі бюджет қаржысына жөнделеді. Оған 7,4 миллиард теңге бөлінді. Ал қалған бес энергетикалық қазандықты және желілік жабдықтарды акционердің өзі жөндеп береді. Осы жұмысқа 9 миллирд теңге жұмсалады.
"Олар жылу желілерін жөндеуге 2,2 миллиард теңге салған. Енді, 8-8,5 миллиард теңгені жылу электр станциясының өзіне салады. Осы ақшаның жартысы бөлінді. Қалғанын жөндеу жұмыстары аяқталғанша салуы керек", - деп атап көрсетті Байханов.
Екібастұз ЖЭС-інің иесі - Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы. Оның басшысы Александр Клебанов жылу электр станциясын мемлекетке 1 теңгеге сатуға дайын болған.
Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн деп айтқан.
Павлодар облысының әкімі Екібастұз жылу электр станциясының 50 проценті сатып алынбағанын мәлімдеді.
"Қазіргі кезде бізде Екібастұз жылу электр станциясының бірде-бір акциясы жоқ. 50 проценттік үлесі жоқ. Жылу электр станциясының жабдықтары ғана емес, қазандықтары мен ғимараттары жөнделгеннен кейін осы мәселені (нысанды сатып алуды - Sputnik) үкіметпен және құзіретті органдармен талқылайтын боламыз", - деп атап көрсетті Байханов.