АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жқніндегі кеңесте тұрғын үй құрылысын ретке келтіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп", - деді президент.
Оның айтуынша, қаланы дамытуда жүйелілік болмағандықтан шаһарда орынсыз құрылыстар көбейіп кеткен.
"Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды", - деді Тоқаев.
Президент кейбір компаниялар мораторийді желеу етіп, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ әкімдікке үлескерлер мәселесін шешуді тапсырды.
"Бүгінде Астанада төрт мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Бұл – өткір мәселе. Оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет. Қазір бұл бағытта атқарылып жақтан жұмыстар жеткіліксіз. Биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтау керек. Жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешімін табуға тиіс. Осындай құрылыстардың қайта пайда болуына жол бермеу қажет", - деді президент.