АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына барып, Кенесары ханның Құранын табыстады, деп хабарлайды Ақорда.
Бұған дейін президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғанын және оның елге оралғанын мәлімдеген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталатынын атап өткен еді.
"Бүгін президенттің тікелей тапсырмасы бойынша мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа барып, Кенесары ханның Құранын табыстады", - делінген хабарламада.
Қариннің айтуынша, Құранды отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттеген, бірауыздан оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтаған. Сонымен қатар ол Құранның жан-жақты сипаттамасын баяндап, ерекшеліктерін жеткізді.
Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр.
Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұлттық құрылтайдың мүшелері мен дін қызметкерлері қатысты.