АЛМАТЫ, 28 маусым - Sputnik. Маңғыстаудағы МАЭК соңғы алты жылдағы жұмысына прокуратура тексеру жүргізді. Нәтижесінде жүздеген олқылық анықталған, деп хабарлайды Lada.kz.
Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықовтың айтуынша, кәсіпорынның 6 жылдағы жұмыс нәтижесі кешенді тексерілген. Прокурордың пікірінше, анықталған олқылықтардың көпшілігіне қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жоспарлаудағы қателіктер себеп болды.
Сонымен қатар басшылар тарапынан бақылау әлсіз болған.
Құттықов кешенді тексеру кезінде метрология, атом және энергетикалық қадағалау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, төтенше жағдай және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында 400-ге жуық олқылық анықталғанын айтты.
Қылмыстық құқықбұзушылықтардың барлық белгісі бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданатын болады. Барлық кінәлі мамандар жауапқа тартылады, дейді қадағалау органының басшысы.
"Тексеру аяқталғаннан кейін Маңғыстау облысының прокуратурасы барлық олқылықты жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі. Сондай-ақ "МАЭК" кәсіпорны халық үшін аса маңызды стратегиялық объект екенін тағы да атап өткім келеді. Қадағалау органы тарапынан тексеру комбинатты жаңғыртуға оң серпін беретініне сенімдімін. Бұл мәселеге үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінеді", - деп атап өтті "МАЭК" ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев.