"Өзенмұнайгазды" тексеру кезінде 118 заңбұзушылық анықталды

© AP Photo / Tony GutierrezАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 23 маусым – Sputnik. "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ мен оның мердігер ұйымдарын тексеру қорытындысын шығарды. Бұл туралы арнайы брифингте айтылды, деп хабарлады ұлттық компания.
Брифингке қатысқандардың айтуынша, "Өзенмұнайгаз" АҚ қызметіне тексеру жүргізу бұрыннан бері жоспарланған. Алайда жұмысшылардың ереуілі істі кейінге қалдырмай, жедел кірісуге мәжбүр еткен.
Астанада мұнайшыларжасаған ереуілден кейін жедел түрде арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына министрліктен бастап, сервис мекемесіне дейін 50-ден астам маман кірді.

"Өзенмұнайгазда" 118 заң бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды

"Өзенмұнайгаздың" қаржы-экономикалық қызметін талдау кезінде 118 заң бұзушылық пен сәйкессіздік анықталған. 7 факт құқық қорғау органдарына берілсе, 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Ал 101 фактібойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылған. Мәселен ӨМГ-дың жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді.
"ӨМГ-ға келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша 47 млн теңге шамасында екені анықталды. Сонымен қатар 2022-2023жылдары ӨМГ және "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізу кезінде жұмыс уақыты шамадан тыс, 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны белгілі болды. Сондай-ақ 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды", - дейді мамандар. Салдарынан 97 млн теңге артық төленген.
Жұмысқа қабылдау алгоритмі бұзылған
Бұл аздай ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылған. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде (сырттан жалданып) жұмыс істеген соң ғана штатқа қабылдануға тиіс.
"Алайда жұмысқа қабылдануға тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындарының тізімінде жоқ болып шықты. Тексеру кезінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған", - деп мәлімдеді "Қазмұнайгаз".
Бұл факт бойынша материалдар Жаңаөзен қалалық прокуратурасына жіберілді.
Тағы бір заңбұзушылық, Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаттарымен ӨМГ компаниясының штатына кіру фактілері де анықталған.
"Одан бөлек, "Өзенмұнайгаз" АҚ Корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойған. Сол арқылы жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды", - дейді брифингтегі спикерлер.

Ішкі коммуникация әлсіз болған

Брифингте спикерлер "Өзенмұнайгаз" компаниясындағы ішкі коммуникацияның әлсіз тұстарын айтты.
"Еңбек ұжымы алдында уақытылыесеп берілмеген немесе жиналыс мүлдем болмаған. Жұмысшылар компанияның нақты жағдайынан хабардар емес, оған қатысты өзекті мәселелерді шешуге араласпайды", - дейді спикерлер.
Олардыңайтуынша, ӨМГ ұжымы үшін компанияның күрделі қаржылық жағдайы туралы ақпарат күтпеген жағдай болған. Осыған байланысты бүгінгі таңда ішкі коммуникация мәдениетін көтеру бойынша жоспар әзірленіп, компания басшылығының ұжыммен жеке кездесулерінің кестесі бекітілді.

Өндірістегі түйткілдер

"Өзенмұнайгаз" АҚ-дағы проблемалар мұнымен бітпейді. Күнделікті жұмыс тәртібі де өрескел бұзылған.
"Жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері анықталды. Бірқатар басқармада 2023 жылдың 4 айында шамамен жұмыс уақытының 170 000 сағаты орындалмаған, салдарынан өндірістен тыс шығын мөлшері шамамен 1,2 млрд теңгені құраған. Бұрғылау жұмыстары басқармасында 205 автокөліктің 199-ына GPS-трекер орнатылған, алайда олардың тек 70-і жұмыс істеп тұр", - дейді жұмыс тобының жетекшісі Д.Хасанов.
Сонымен қатар ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстары барысында технологиялық регламент сақталмаған. Жөндеу бригадасы жоспарды орындау үшін кенжарды жуу/ тазарту және ұңғымаларды сапалы сөндіру секілді негізгі жұмыстарды сирек атқарған.
Одан бөлек, ұңғымалардың тоқтап қалуына жол бермеу үшін жөндеу аралық кезеңде профилактикалық және реанимациялық жұмыстар орындалмаған. Жөндеу бригадалары қабылдау көпірлері, превенторлар, шарлы крандар, гидрокілттер, спайдерлермен дұрыс қамтылмаған. Мұның барлығы ұңғымалардың беріктігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

Сатып алудағы олқылықтар

Сатып алу және өндірісті қамту саласында да олқылықтар анықталды.
"Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ке орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылған. Яғни тауар ұсыныстарының 42%-не келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыстар бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды", - дейді жұмыс тобының мүшелері.
Ал келісімшарт жасалып қойған позициялар кешіктіріп орындалған. Тексеру кезінде "Өзенмұнайгаз" АҚ жылдық көлемнің 36% ғана орындаған.
"Жоғарыда аталған деректердің барлығы түптеп келгенде тауарлар мен материалдық құралдардың жетіспеушілігін тудырған. Салдарынан өндіріс уақытылы қамтамасыз етілмей, еңбек ұжымдары арасында наразылықтың өршуіне негіз болды. Жұмыс тобы ауқымды, кешенді жұмыс атқарды. Анықталған бірқатар заң бұзушылық бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазір нақты бағыттар бойынша кемшіліктерді жою мақсатында жоспар әзірленіп жатыр. Оларды шешу үшін, біріншіден, уақыт, екіншіден, қосымша қаржы қажет", — деп түйіндеді Хасанов.
Жаңалықтар
0