АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейптер мен электронды сигареттерге қарсы шұғыл шара қабылдау қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстанда вейптер мен электронды сигареттер мәселесі көптен бері талқыланып жатыр. Біреулер толығымен тыйым салу керектігін айтса, енді біреулер салығын арттыруды қолдайды. Биыл темекімен бірге вейптер де қымбаттады.
Бүгін ұлттық құрылтайдың екінші отырысында президент те осы мәселені көтерді. Жастар арасында вейптер мен электронды сигареттер сәнге айналды. Ал жарнамада ондай тауарды қауіпсіз деп көрсетеді.
"Шын мәнінде жастар өздеріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Вейптер зиянды, одан кәдімгі есірткіге дейін бір-ақ қадам. Оған қарсы шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет. Шектеулермен ғана мәселе шешілмейді", - дейді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы нашақорлық мәселесіне де тоқталды. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Оның тамырына балта шабылмаса, болашағымыз бұлыңғыр.
"Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Қазақстанда 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнайы құжат болған жоқ. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады.