АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Бірінші вице-премьер Роман Скляр Семей орманындағы өртке байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қызметі тексеріле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қызыл жалынға оранған "Семей орманы" резерваты облысқа қарамайды.
"Семей орманы" резерваты облысқа емес, экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды. Бұл экология министрлігінің құрылымдық бөлімшесі", - деп қысқа қайырды Скляр үкімет отырысында.
"Неге онда экология министрі Зульфия Сүлейменова сол күндері өрт орнына бармай, форумдарда жүрді?" деп сұрады журналистер.
"Форум өткен күні күндіз өрт басталды. Мен тағы да қайталап айтамын, өрт ауқымы жете бағаланбаған. Секундына 25 метр жел соғып тұрды, 38 градус ыстық болды, осындай ауа райында орманның жоғарғы бөлігінде от жылдам таралды", -деді Скляр.
Өртке байланысты экология министрі Зульфия Сүлейменова жауапқа тартыла ма деген сұраққа:
"Қазір Бас прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Осы тергеу аясында барлық кінәлі тұлғаның жауапкершілігі анықталады", - деп жауап берді бірінші вице-премьер.
Айта кетері, 2022 жылдың маусымына дейін Семей қаласы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болды. Ал ШҚО-ны ұзақ жылдар бойы Даниал Ахметов басқарып келеді.
Былтыр президенттің жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы екіге бөлініп, жаңадан Абай облысы құрылды. Өңірге Нұрлан Ұранхаев басшылық етеді.
Еске салсақ, Абай облысындағы ірі орман өрті 8 маусымда басталған еді. Содан бері тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Төтенше жағдай салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусым бүкіл еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.