Саясат

Тоқаев Босния және Герцеговина президиумының төрағасымен кездесті

Sputnik
АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Босния және Герцеговина президиумының төрағасымен кездесті.
Президент Желька Цвияновичке Астана халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Ол Босния және Герцеговинаны Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан аймағындағы перспективті сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
"Желька Цвиянович қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны, сондай-ақ Астана халықаралық форумына шақырғаны үшін алғыс айтты. Бұдан бөлек, ол форумды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Оның аясында халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық экономиканың қазіргі жағдайына қатысты жаңа бастамалар айтылғанын жеткізді", -деп жазады Ақорда.
Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Өзара сенімге негізделген келіссөздер сындарлы және мазмұнды сипатта өтті. Келіссөздер нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тоқаевтың бүгінге жоспары қандай - жұмыс кестесі жарияланды