АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Қызылорда облысында облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әзірлеген "Есірткісіз аумақ" атты жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыс прокуратурасы құрамына прокурорлар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, төтенше жағдайлар, телекоммуникация қызметкерлері кіретін жұмыс тобын құруды үйлестірді, деп хабарлады қадағалау органының баспасөз қызметі.
Ведомство хабарлағандай, өңірде есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстары күшейтілген.
Прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, құрамында есірткі бар өсімдіктер егілген жасырын учаскелерді анықтау үшін барлық ұйымның техникалық және материалдық мүмкіндіктері пайдаланылды.
Жұмыс тобының мүшелері заңсыз дақылдарды өсіруге ең қолайлы жағдай бар аумақтың ғарыштан түсірілген суреттерін мұқият зерттеді.
"Прокуратура қызметкерлерінің жетекшілігімен жүргізілген кешенді жұмыс нәтижесінде жайылымдық жерлерде бірнеше есірткі плантациясы анықталды", - деп хабарлады облыс прокуратурасы.
Ақпаратқа сәйкес, адамдар тіпті өз аулаларында құрамында есірткі бар қарасора өсіретін болған. Ал кейбір ауылдық округ тұрғындары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүздеген есірткі жасайтын өсімдік еккен.
"Мысалы, Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылдық округінің аумағында тыйым салынған 222 түп өсімдіктің егілгені анықталды", - деп хабарлады облыстық прокуратура өкілдері.