Екібастұз тұрғыны жылу желілеріндегі апаттан болған шығынды сот арқылы өндіріп алды

Sputnik
ПАВЛОДАР, 24 мамыр – Sputnik. Екібастұз соты қала тұрғынының "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-не материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызын қарады, деп хабарлады сот органының баспасөз қызметі.
Екібастұзда жылу желілерінде болған апаттан Дәулет Сыздықовтың пәтері мұзға оранып, салдарынан батареялар мен құбырлар жарылып кеткен. Тұрғын материалдық және моральдық шығынын айтып, сотқа "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС үстінен талап-арыз түсірген. Одан бұрын шығынды өтеуді өтінгенімен компания тұрғынның сөзін елемеген.
Дәулет Сыздықов құрылыс материалдарына жұмсаған 365 740 теңгені өтеуді және отбасының моральдық шығыны ретінде 500 мың теңге моральдық зиян өндіруді талап етті.
Сот отырысында талапкердің дәлелдері расталды.
Екібастұз қалалық сотының судьясы Мақпал Құмарова талаптарды ішінара қанағаттандырды. Ол 365 740 теңге көлемінде материалдық шығын сомасын өндіріп алды. Моральдық зиян сомасы 100 000 теңгеге дейін төмендетілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, жылу желілеріндегі апатқа байланысты Екібастұздың көпқабатты және жеке тұрғын үйлерінің бір бөлігі өткен жылдың 27 қарашасына қараған түні жылу мен ыстық сусыз қалды.
Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 1,9 млрд теңге бөлінді