АСТАНА, 18 мамыр – Sputnik. Мәжілісте әділет вице-министрі Алма Мұқанова "Кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын таныстырды.
Отырыс аяқталған соң, журналистер жаңа заң жобасында жұмыс орнында жыныстық мақсатпен тиіскені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жаза туралы норма қарастырылмағанына назар аударды.
Мұқанованың айтуынша, тиісті ұсыныс әділет министрлігіне келіп түскен.
"Бүгін таныстырылған заң жобасында мұндай бап жоқ. Бірақ әділет министрлігінің қарауына еңбек сарапшыларынан Қылмыстық кодекске осындай норма енгізу туралы ұсыныс түсті. Проблема бар, сол себепті бұл мәселе қосымша зерделенеді", - дейді вице-министр.
Біз мемлекеттік орган ретінде кез келген ұсынысты бекіте алмаймыз – нормаларды негіздеу керек. Зерделеу үшін фактілерге, статистикаға, халықаралық тәжірибе мен теорияға сүйенеміз, деп толықтырды Мұқанова.
"Мұндай норманы енгізу қажет деп танылған жағдайда, біз тиісті бастама көтере аламыз. Сол себепті қазіргі практиканы зерттеу қажет. Біз оған диспозиция мен санкцияны дұрыс қалыптастыруға тиіспіз. Жай ғана "жұмыс орнында тиісу" деп жаза салмаймыз. Тиісу дегеннің астарында нені айтып тұрмыз, оның белгілері қандай, соның бәрін заң жүзінде негіздеу керек", - деп түсіндірді Мұқанова.