Қазақстанда 17 мың отбасы тұрғын үй көмегін алды

Sputnik
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Биыл үш айдың ішінде республика бойынша 17 мың отбасы 372 млн теңгеден астам қаражатқа тұрғын үй көмегін алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде заң бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың коммуналдық қызмет ақысын ішінара өтеу шаралары бар.
"Осы орайда елімізде мұқтаж азаматтардың коммуналды қызметтерге жұмсалған шығындарын өтеу үлесі орта есеппен – 52,8%. Аталған тұрғын үй көмегі жергілікті бюджеттен төленетінін, сондай-ақ оны тағайындаудың белгіленген ережелері бар екенін айта кетейік. Ал өтелетін шығындардың шекті деңгейі мен тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін жергілікті мәслихаттар бекітетінін ескерген жөн", - дейді министрлік мамандары.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл бірінші тоқсанда 372 млн теңгеден аса қаражатқа 17 мың отбасы тұрғын үй көмегін алды. Жалпы, соңғы 4 жылда 174 мыңнан астам азамат шамамен 5 млрд теңгедей сомаға тұрғын үй көмегіне ие болған.
Осы ретте әлеуметтік аз қамтылған отбасының табысы (мысалы 4 адамнан тұратын отбасыны алғанда) бір адамға шаққанда шамамен 25 798 теңгені, ал тұтастай отбасына есептегенде 103 192 теңгеден аспауға тиіс.
Былтыр өтемақы мөлшері мен үміткерлердің санын ұлғайтатын өзгерістер енгізілді.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан 1 миллионнан астам адамның коммуналдық қызметтердің жартысын ғана төлей алатынын жазған. Алайда осы жеңілдікті халықтың 5 проценті ғана пайдаланып отыр.
Қоғам
"Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" тұрғын үй бағдарламаларына 72 млрд теңге бөлінеді