НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Қазақстанда 1 миллионнан астам адам коммуналдық қызметтердің жартысын ғана төлей алады. Алайда осы жеңілдікті халықтың 5 проценті ғана пайдаланып отыр. Sputnik Қазақстан тұрғын үй көмегін алу тәртібін ұсынады
36 мың отбасы ғана алған
Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымовтың айтуынша, бүгінде халықтың басым бөлігі коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдік алуға болатынын білмейді. Тұрғын үй көмегі аясында шығындардың жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Осылай деген вице-министр 2019 жыла тек 54 мың отбасы ғана тұрғын үй көмегіне өтініш бергенін, ал өткен жылы ондай отбасылардың саны 36 мыңнан да аспағанын атап өтті.
"Біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге есеп-қисап жасадық. Қазіргі кезде ондай жеңілдік алуға құқылы абоненттердің саны 1 миллион адамнан асып отыр", – деді Рахымов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, тұрғын үй төлемін алу үшін халыққа қызмет орталығына барып, өтініш беруге болады. Бұдан бөлек, egov.kz порталы арқылы онлайн режимде тиісті құжаттарды жіберуге мүмкіндік бар.
Тұрғын үй көмегі қалай беріледі?
Үкіметтің тұрғын үй көмегін көрсету туралы ережесі он екі жыл бұрын бекітілген. Онда көмек көрсетудің нақты тәртібі жазылған. Тұрғын үй көмегі – бұл коммуналдық қызметтердің бір бөлігін жабуға арналған төлем. Оның бекітілген мөлшері жоқ және әр аймақта әртүрлі болады. Тұрғын үй көмегін тұрмысы төмен отбасылар ғана ала алады. Ондай адамдар бірнеше талапқа сай болуы шарт. Олар:
- Отбасының адам басына шаққандағы ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (34 302 теңге – Sputnik) аспауы тиіс;
- Отбасыда жеке меншік немесе жалға алған бір ғана пәтер болуы қажет;
- Тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде тұру керек.
"Мәселен, бір отбасыда төрт адам бар дейік, отағасы ғана жұмыс істейді. Ай сайынғы табысы – 100 000 теңге. Әйелі және кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар. Олар жұмыс істемейді. Заң бойынша осы отбасы коммуналдық қызметтердің жартысын ғана төлей алады. Қалғаны мемлекет тарапынан өтеледі. Себебі 100 000 теңгені төрт адамға бөлсек, әрбіреуіне 25 000 шығады. Демек, отбасының адам басына шаққандағы ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспай тұр", – дейді вице-министр Рахымов.
Коммуналдық төлемнің шекті сомасы қалай анықталады
Заң бойынша тұрмысы төмен отбасының коммуналдық шығындарға кететін ақшаның шекті көлемін мәслихаттар анықтайды. Оның мөлшері ай сайынғы табыстың 5-20 процентін құрайды. Мысалы, Алматыда 5 проценттік меже қойылған. Демек, төрт адамнан тұратын отбасының ай сайынғы табысы 100 000 теңге болса, соның 5 проценті, яғни 5 мың теңгесі ғана коммуналдық шығындарға арналған. Ал одан артылған ақшаны мемлекет төлеп береді.
Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн. Егер кәмелетке толған отбасының бір мүшесі жұмыс істемеген жағдайда, сондай-ақ оқуға да, әскерге де бармаса, тұрғын үй көмегі берілмейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыны төлеу тәртібі өзгереді
Сол сияқты жұмыссыз адам мемлекет ұсынған жұмыстан және қайта даярлау курсынан себепсіз бас тартса, отбасының коммуналдық шығындары өтелмейді. Ал ересек адам 80 жастан асқан қарияларға, 7 жасқа дейінгі балаларға немесе мүгедектерге қарап жүрсе, жеңілдіктен қағылмайды. Тұрғын үй көмегін алады.
Мемлекет тарапынан қандай шығындар өтеледі
- Әкімдіктен алынған жалдамалы баспананың ақысы;
- ПИК/басқару компаниясының қызметтері (кондоминиумды ұстап тұруға, үйді күрделі жөндеуге және тағы басқа шығындар);
- Коммуналдық қызметтер (электр энергиясы, газ, қоқыс шығару, суық және ыстық су, жылу мен канализация).
Тұрғын үй көмегі интернет, домофон, бейнебақылау, кабельді теледидар мен кіреберісті жинау қызметтеріне тесілі емес. Сосын ағымдағы шығындар ғана өтеледі. Бұрынғы қарыздар жабылмайды.
Тұрғын үй көмегін қалай алуға болады
Тұрғын үй көмегін халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеуге болады. Ал үйден шыққысы келмейтіндер egov.kz порталы арқылы өтініш жібере алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет.
Құжаттар тізімі:
- өтініш;
- жеке куәлік;
- табыс туралы анықтама;
- коммуналдық қызметтер бойынша түбіртектің көшірмесі;
- банк есепшотының реквизиттері;
- жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз тіркелгені туралы құжат;
- балаларға алимент төленетіні туралы мәлімет;
- зейнетақы жарналары туралы анықтама.
Қазіргі кезде осы тізім төрт құжатқа дейін қысқартылды. Мамандар қалған құжаттарды ақпараттық база арқылы өздері ала береді. Өтінішті қарау мерзімі – сегіз жұмыс күні. Тұрғын үй төлемі оны алатын адамның есепшотына аударылып отырады. Сондай-ақ, үш ай сайын құжаттарды жаңартып отыру қажет.