АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Астанада 82 жастағы зейнеткер әйел алаяққа алданып, курьерге 3 мың долларын бере салды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Түн ортасында зейнеткердің үй телефонына біреу қоңырау шалып, жылаған дауыспен апатқа ұшырағанын және полиция бөлімшесінде ортырғанын айтқан. Сосын ақша сұрап, тұтқаны адвокатқа беремін деді. Ал өзін адвокат деп таныстырған кісі алдымен ұялы телефон нөмірін айтуды өтінді. Одан кейін сол телефонға WhatsApp арқылы қоңырау шалып, қызының полицияға түскенін, ал оны қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша керек екеніне сендірген. Қарт әйел бұған дейін қызымен сөйлескеніне сеніп, 3 мың долларды өзін жүргізуші ретінде таныстырған жас жігіт арқылы беріп жіберген.
Зейнеткер әйел есін жиғасын немересіне қоңырау шалып, қызының жағдайын сұрағанда алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген. Содан бірден полицияға арыз түсірген.
Жедел іздестіру шаралары барысында 24 жастағы жас жігіт ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Күдікті "курьер" қызметі үшін жалпы соманың 10 процентін алуы керек болған. Бірақ барлық ақшаны өзіне қалдырған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ер адам қамауға алынды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.