Алматы облысында баласын айдалаға тастап кеткен әйел табылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 16 мамыр - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданында қоларбада жатқан бала табылды. Оқиғаның қалай болғанын облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Оқиға 15 мамырда болған. Айдалада қоларбада жатқан баланы тұрғындар тауып алып, полицияға хабарласқан.

"Қарасай ауданының полиция бөліміне сағат 10:08-де БАКАД Атом жолының 5 шақырмында сәбидің табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған жерге дереу полиция жасағы жіберіліп, көп ұзамай баланың анасы табылды", - дейді ПД баспасөз қызметіндегілер.

Полицияның айтуынша, әйел баласын тастамаған.
"Баланың анасы телефон шалу үшін байланысы бар жер іздеп, жолдың арғы бетіне өтіп кеткен. Әйел адамның материалдық жағдайы жақсы, ақыл-есі дұрыс, толыққанды азамат", - дейді ведомстводағылар.
Іс жүзінде тәртіп сақшылары анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы 1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша хаттама жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Оралда сәбиін қоқысқа тастап кеткен көкек ананың кім екені анықталды