АЛМАТЫ, 10 мамыр - Sputnik. Жаңаөзенде наразылық білдірушілер ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жергілікті Lada.kz. басылымына сілтеме жасап.
Бүгін қала әкімдігі маңында наразылық акциясын өткізу үшін ер адамдар жиналды. Олармен әкімдік пен прокуратура қызметкерлері сөйлесті. Алайда жиналғандар жоспарынан бас тартпады. 17 адам полицияға жеткізілді.
Полиция олармен әңгіме жүргізіп, үйлеріне қайтуға рұқсат берген.
"Құқық бұзушылармен прокуратура және әкімдік қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ескертуге қарамастан, жиналғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабын бұза отырып ("Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу") наразылық акциясын өткізетіндерін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері 17 құқық бұзушыны полиция басқармасына жеткізіп, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Кейін олар үйге жіберілді", - делінген полиция хабарламасында.
3 мамырда Жаңаөзенде жұмыссыз тұрғындар аштық жариялаған болатын. Кейін әкімдік оларға жалақысы 280 мың теңгеге дейін жұмыс ұсынылғанын хабарлады.