Жаңаөзен әкімдігі жұмыссыздардың аштық жариялауына қатысты пікір білдірді

© PhotoЖаңаөзенде жұмыссыздар аштық жариялады
Жаңаөзенде жұмыссыздар аштық жариялады - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 3 мамыр – Sputnik. Жаңаөзен қаласының әкімдігі аштық жариялаған жұмыссыз қала тұрғындарының талабын орындай алмайтындарын мәлімдеді.
"Жаңаөзен қаласында арнайы алгоритм жұмыс істейді, оған сәйкес жұмыссыз тұрғындар жалпы кезекке сәйкес мұнай саласына жұмысқа орналасады. Аштық жариялаған тұрғындар бұған дейін жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап еткен болатын. Оған әкімдік өкілдері кезекте тұрған басқа адамдарға әділетсіз болатынын айтып, келіспейтінін жеткізді", - деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта Жаңаөзенде жұмысқа орналасуға, біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар шаралар бар. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан азаматтың мұнай саласына жұмысқа орналасу алгоритміндегі тіркелген кезегі сақталады, деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
"Құрметті жерлестер, біз сіздердің кезексіз, қабылданған алгоритмнің шарттарын сақтамай мұнай-газ саласына жұмысқа қабылдау туралы талаптарыңызды орындай алмаймыз. Өйткені бұл өз кезегін күтіп, әр түрлі салада жұмыс істеп жүрген қала тұрғындарының құқықтарына нұқсан келтіреді. Сондықтан сіздерді ақылға келуге шақырамыз. Арандатушылыққа бой алдырмаңыздар", - деп мәлімдеді Жаңаөзен қаласының әкімдігі.
Бұған дейін хабарлағандай, бүгін, 3 мамырда Жаңаөзен қаласының 15-ке жуық жұмыссыз тұрғыны әкімдіктің алдында жиналды.
"Жұмысқа орналастыру проблемасын шешуге әлі күнге дейін көмек көрсетпегендіктен, біз аштық жариялауды көздеп отырмыз", - дейді жиналғандар.
Еске сала кетейік, еңбек шарты мен жалақыға көңілі толмайтын жаңаөзендіктер бірнеше рет наразылық білдірді. 10 сәуірде Жаңаөзен жұмысшылары Астанада наразылық акциясына шықты. Энергетика министрлігі ғимаратының жанына 60-70-ке жуық адам жиналды. Ереуілшілер "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға жұмысқа алуды талап етті.
Келесі күні наразылық білдірген мұнайшылар ұсталып, 12 сәуірде Жаңаөзенге қайтарылды. Елордада келіссөз жүргізу үшін жұмыс комиссиясының құрамына енген 10 өкіл қалды.
Жаңалықтар
0