АСТАНА, 8 мамыр – Sputnik. Шавкат Мирзиеев мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау құқығын беретін жаңа конституциялық заңға Мирзиеев ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдумнан кейін қол қойды.
Елдің негізгі заңына енгізілген түзетулер президенттің өкілеттігін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуды көздейді. Сонымен қатар өзгерістер Мирзиеевке екінші президенттік мерзімнен кейін қайта сайлауға түсуге мүмкіндік береді.
Мирзиеевтің айтуынша, Конституцияға енгізілген түзетулер бойынша референдумнан кейінгі алғашқы президенттік сайлау мерзімінен бұрын өтеді.
Мирзиеевтің сөйлеген сөзінің видеосы Өзбекстан президентінің телеграм арнасында жарияланды.
Қабылданған шешімнің объективтілігі туралы айта отырып, өзбек президенті Конституцияға енгізілген түзетулер биліктің барлық тармағын реформалайтынын және олардың арасындағы қатынастар мен тепе-теңдік өзгеретінін атап өтті.
Жаңартылған Конституция, Мирзиеевтің пікірінше, билік тармақтарының әрқайсысына жаңа міндеттер қояды.
Өзбекстанның Сайлау кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, мерзімінен бұрын президент сайлауы жарияланғаннан кейін екі ай ішінде, яғни 2023 жылы 9 шілдеде өтуі керек.