Қоғам

Күдебаевқа сот үкімі шықты

Sputnik
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Талдықорған сотының үкімімен Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан хабарлады.
Бүгін қашқын генерал-майор Талдықорған сотына жеткізілген болатын. Экс-полицей сотта соңғы сөзін сөйледі. Күдебаев қаңтар оқиғасы кезінде өз халқына оқ атпағанын мәлімдеп, кінәсін мойындамады. Алайда сот Күдебаевты айыпты деп тапты.
Судья мәлім еткендей, Серік Күдебаев Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-тармағы 1-тармақшасы "Азаптау" және 362-бабы 4-тармағы – Билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Айта кетері, 28 сәуірде Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің елге өз еркімен оралғанын айтқан болатын.
Еске салсақ, 27 сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев ұсталғаны хабарланды. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, ол Түркияда ұсталып, кейін елге жеткізілген.
Серік Күдебаев 23 наурызда қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкектен Стамбулға ұшып кеткен. Ал 3 сәуір күні экс-полицейге халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.
ҰҚК шетелге қашқан Күдебаевтың шекарадан ресми жұмыс істеп тұрған өткізу бекеттері арқылы өтпегенін мәлімдеді.
"Халыққа қарсы оқ атпадым": генерал Күдебаев сотта соңғы сөзін айтты