АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Елордада жоғалып кеткен бала табылды, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Биыл сәуір айының басында кәмелетке толмаған бала үйінен кітап дүкеніне шығып, сол күйі қайтып оралмаған.
"LIDER.KZ" волонтерлері баланы 2 тәуліктен артық уақыт іздеген. Алайда одан еш нәтиже шықпаған. Бала жоғалғаны туралы хабарламаға бей-жай қарай алмаған Құқық қорғау органдары академиясының магистранты Жан Мұрат та досымен бірге көмекке шыққан.
Прокуратура қызметкері екі сағат бойы сол жағалаудағы қоғамдық тамақтану орындарын, компьютер клубтарын, мешіттер, қараусыз қалған ғимараттарды, қоқыс жәшіктерін, арықтарды аралаған. Бірақ бала табылмады. Осыдан кейін ол қаланың сол жағалауына барып, іздеу жұмыстарын жалғастырған.
"Түнгі сағат 04:40 шамасында Достық көшесімен келе жатқанда, ол сипаттамаға сәйкес келетін балаға көзі түседі. Барлық жағдайды нақтылағаннан кейін, бұл жоғалған бала екені белгілі болды", - деп хабарлайды бас прокуратура.
Прокуратура қызметкері баланы полицияға тапсырған.