АСТАНА, 24 сәуір - Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасына үкім шықты. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Кәрім Мәсімовке (ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы), орынбасарлары болған Садықұлов, Ерғожин, Өсіповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім олардың қатысуымен жарияланды. Сот істі "өте құпия" деген белгімен қарады.
Тергеу айыптауы
Мәсімов пен Садықұлов мемлекетке опасыздық жасады (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алуға оқталды (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) деп айыпталды.
Ерғожинге билікті күшпен басып алмақ болды (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланды деген (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы), ал Өсіповке билік пен лауазымдық өкілеттікті асыра пайдаланды деген айып тағылды (ҚК 362-бабының 3-бөлігі).
Сот шешімі
Кәрім Мәсімов Қылмыстық кодекстің175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Жазаны ішінара қосу арқылы 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Жазаны ішінара қосу арқылы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
Өсіпов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин және М.Өсіпов генерал атақтарынан және мемлекеттік наградалардан айырылды.
Мемлекет кірісіне 10 миллиард теңге және 24 миллион АҚШ долларынан астам қаржы өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.