АЛМАТЫ, 23 сәуір - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің біріндегі есігі жоқ әжетхана видеосы желіде тарап, қызу талқыға түсті. Осы жағдайға қатысты аудандық білім бөлімі түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Видео Ақтас ауылындағы N36 орта мектепте түсірілген. Аудандық білім бөлімі бұл жәйт әжетханадағы жөндеу жұмыстары кезінде болғанын айтады.
"Мектепте 28 дәретхана бар, оның 14-і қыздарға, 14-і ұлдарға арналған. Видео ұлдарға арналған дәретхананың есіктерін ауыстыру кезінде түсірілген. Қазіргі уақытта дәретханадағы барлық есік қалпына келтірілді", - деді Талғар ауданы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова.
Ақтас ауылының N°36 орта мектебінде қазіргі күні 2400 оқушы білім алып жатыр.