АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Қостанай облысы Қамысты ауданы Аралкөл ауылының тұрғыны жоғалып кетті, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Мал іздеймін деп сол күйі ұшты-күйлі жоғалып кеткен азамат туралы 19 сәуір күні сағат 08:40-та "112" құтқару пультіне хабарлама түскен. Оны іздеуге шыққан құтқарушылардың көлігі батпаққа батып, ақыры Ямал Н4 жоғары өтімді техникасымен іздей бастаған.
"Аралкөл кентінің маңында қар мен жаңбыр жауып, батпақта тұрып қалған көлікті қарапайым техникамен сүйреп шығару мүмкін болмады. Содан кейін Жітіқара қаласының жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің құтқарушылар тобы іздеу жұмыстары аумағына жол тартты. ЯМАЛ Н4 жоғары өтімді техникасымен олар жоғалған ауыл тұрғынын іздеуге кірісті. Бірнеше сағаттан кейін ол Аралкөл кентінен 30 шақырым қашықтықта табылып, тұрғылықты жеріне жеткізілді", - деп мәлімдеді ведомство.
1983 жылы туған ер адам мал іздеуге шығып, жазық далада адасып кеткен. Ол медициналық көмекке мұқтаж емес екенін айтқан.