АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Алматы гарнизоны әскери сотында қайтыс болған сарбазға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды, деп хабарлайды әскери соттың бапасөз қызметі.
Сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында былтыр 23 тамызда басталды.
Күдікті Айболат Аманжоловқа Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігімен "Әскери қызметшілер арасында бағыныстылық қатынастары болмаған кезде олардың арасындағы өзара қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу" бабы бойынша айып тағылды.
"Әскери сот үкімімен сотталушы Айболат Аманжолов қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, жәбірленуші тараптың пайдасына 6 000 0000 теңге моральдық шығыны өндірілді", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Әлібек Қалбай әскерге Ақтау қаласынан шақырылған. Былтыр 18 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейск горнизонындағы 30212 әскери бөлімге түскен. 22 сәуірде таңғы жаттығу кезінде есінен танып, қайтыс болған. Марқұмның өліміне кінәлі ретінде 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов күдікке ілініп, қамауға алынды.
Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.