Сәтқалиев жылу мен электр энергия тарифі қаншаға өсуі мүмкін екенін айтты

Sputnik
АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik. Жылумен жабдықтау жүйелерін жөндеуге байланысты жылу тарифі кем дегенде 25%-ке, ал электр энергиясы 15%-ке көтерілуі мүмкін. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жылудың шығыны көп екенін ескерсек, менің ойымша, тариф кем дегенде 25 пайызға өседі. Ал ең көп дегенде қаншаға қымбаттайтыны инвестиция көлеміне байланысты. Бірақ тариф бірден өсіп кетпейді", - деді министр мәжілісте жылу энергетикасы туралы заң жобасын таныстырғаннан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп.
Сондай-ақ электр энергиясының тарифі де көтеріледі. Сәтқалиевтің айтуынша, тарифті екі есе өсіру туралы мәселе осыдан бес жыл бұрын көтерілген. Үкіметпен қызу тартыс болған.
"Біз тарифті бірден өсірмеу үшін бес жыл ішінде біртіндеп көтеріп тұрайық дегенбіз. Алайда сол кезде көптеген себепке байланысты бұл шешім қабылданбады. Тиісінше инвестиция да құйылған жоқ. Осы аралықта жылу жүйелері 58 пайыздан 66 пайызға дейін тозып кетті", - дейді ол.
Сәтқалиев электр энергиясы тарифі үш-төрт жыл ішінде жыл сайын кем дегенде 15 процентке өсуі керек екенін атап өтті.
Қоғам
Депутат Дәулет Мұқаев қазақстандықтарды баспаналы етудің жолдарын ұсынды