Допингпен ұсталған қазақстандық ауыр атлет Олимпиада жүлдесінен айырылмайды

Sputnik
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева допингпен ұсталған Игорь Сон Олимпиада медалінен айырылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыр атлет допинг пайдаланғаны үшін 8 жылға спорттан шеттетілді. Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиеваның айтуынша, ауыр атлеттің былтырғы сынамасы оң нәтиже көрсеткен.
"ВАДА-ның халықаралық ережесіне сәйкес, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген кәсіби спортшылар, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері үнемі допинг тест тапсырып отырады. Осыған байланысты 2022 жылы 2 наурызда Жетісу облысында өткен турнир кезінде Игорь Соннан сынама алынды. Ол допингтің бар екенін көрсетті. ВАДА стандарты бойынша сынамалар бірнеше рет қайта тексерілді. Соның нәтижесінде спортшы 2022 жылғы 8 наурыздан 2030 жылдың 28 наурызына дейін 8 жылға спорттан шеттетілді", - дейді Әбдуәлиева.
Ал Игорь Сонның Токио Олимпиадасы кезінде тапсырған сынамасы таза шыққан.
"Сондықтан Олимпиаданың қола медалі, ақшалай сыйақы мен пәтер қайтарылмайды", - деп атап өтті министрліктің ресми өкілі.
Айта кетері, Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасында 8 қола медал жеңіп алды. Біреуін ауыр атлет Игорь Сон иеленді.
Спорт
Қазақстандық ауыр атлет Игорь Сон допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттетілді