Петропавлда мектепке балтамен келген баланы оқушылар мен мұғалімдер ұстаған

Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавл мектебіндегі болған жағдайдың мән-жайын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, 13 ақпанда сағат 07:52-де Петропавл қаласының полиция басқармасына 4-орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түскен.
"Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы шығып, тексеру барысында сағат 07:40-та рюкзагында асханалық балта, пышақ және қолдан жасалған маска болған 9-сынып оқушысы анықталды. Ол сағат 07:50-де 2-ші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп, 10-шы сынып оқушысының басынан 2 рет ұрып, одан кейін 10-шы сыныпта оқитын қыздың иығына бір рет және басына екі рет ұрған және 9-шы сынып оқушысының басынан бір рет ұрған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған", - деді Марат Қожаев үкімет отырысында.
Екі жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайы бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңды өкілі анасы болып анықталды.
Оқиға
Петропавлда балаларға балта ала жүгірген оқушы психиатрдың есебінде болған