АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Қазақстанның тағы бір азаматы Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз кетті. Қазір қызды іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі. Ол биыл 6 ақпаннан бері байланысқа шықпаған. Қахраманмараш қаласында тұрады. Әпкесі сыртқы істер министрлігінің жедел желісіне хабарласқаннан кейін, оны іздеу жұмыстарын бастадық", - деді Смадияров журналистерге арналған брифингте.
Смадияров жоғалған қыз Түркияда жұмыс істейтінін айтты. Көршілерінің айтуынша, үй қираған кезде қазақстандық ішінде болған.
Қазіргі таңда Қазақстан елшілігінің қызметкері Қахраманмараш қаласына барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп, оны іздестіріп жатыр.
6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан соңғы деректерге сәйкес 18 342 адам қаза тапты, 74 242 адам жараланды.
Табиғи апат кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалып кеткен. Олардың бірі Сабина Мамадиярова тірі табылды. Тағы екеуі – Әділ Қадырбеков пен Мейірболат Құрмашев көз жұмды.