АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысының тұрғыны Виктория Черкашина MINI Cooper маркалы көлігін 10 жылдан кейін заңдастарып алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
37 жастағы әйел өз көлігін АҚШ-та сатып алған. Биыл заңдастыру науқаны басталған бойда бірден құжат тапсыруға барды.
"Менің көлігім АҚШ-тан Қазақстанға сонау 2012 жылы әкелінген. Сол кезде қолданыста болған 30% кедендік баж салығы толығымен төленді. Мен көлікті бірден тіркемедім, өйткені шетелге шығуды жоспарладым. Бірнеше жыл бойы елде болмадым. Сол аралықта қайта өңдеу ақысы мен бастапқы тіркеу үшін жаңа төлемдер енгізілген", - дейді Черкашина.
Виктория утилизациялық алымды төлеген жоқ. Себебі оның көлігі қайта өңдеу төлемі енгізілгенге дейін әкелінді. Бірақ бастапқы тіркеудің ақысы қымбат болды.
"500 АЕК (1 АЕК - 3 450 теңге) көлемінде алым төлеу қажет болды. Сома аз емес. Сондықтан менің көлігім гаражда тұра берді. Президент автокөліктерді заңдастыру және оны өткізу шарттары туралы жариялаған кезде қуанып қалдым. 23 қаңтарда электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтінім бердім. Жауап 3-4 минут ішінде келді. Криминалистер корпустың және басқа агрегаттардың нөмірлерін, сондай-ақ барлық құжатты салыстырып тексерді. Өтінім мақұлданды", - деп атап көрсетті Черкашина.
Оның айтуынша, 10 минуттан тағы бір хабарлама түсті. Одан кейін мемлекеттік тіркеу нөмірі мен техникалық төлқұжатты алуға рұқсат берді.
Шетелдік көліктерді заңдастыру шарасы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.