Видео

Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны қалай жүріп жатыр – видео

Жазылу
Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша бір реттік акция басталды. Sputnik Қазақстан тілшілері Астанадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, шетелдік көліктерді заңдастыру тәртібімен танысып қайтты
Қаланың шетіндегі халыққа қызмет көрсету орталығында адам саны көбейді. Олар шетелдік көлігін рәсімдеуге келген. Біреулер жай көру үшін келсе, енді біреулер заңдастыруға білек сыбана кіріскен.
ХҚКО-ға бір топ полиция қызметкері де жіберіліпті. Олар құжаттарды тексеріп, кеңес беріп отыр. Барлығы дұрыс болса, e-gov порталы арқылы өтінім жіберуге болады. Оған да мамандар көмектеседі. Біршама уақыттан кейін SMS-хабарлама түседі.
"Егер SMS-хабарлама келмесе, яғни ол автокөлік тіркелмейді дейтін болса, онда полиция қызметкерлеріне шағымданып, қандай шектеулер тұрғанын, неге тіркеуге қойылмайтынын білуге болады", - дейді әкімшілік полицияның өкілі Бауыржан Тоқжұманов.
Оның айтуынша, Ресейде сатып алынған алған көліктерді міндетті түрде тіркеуден шығару керек. Қырғызстаннан әкелінген көліктер де солай. Ал Армениядан жеткізілген көліктер автоматты түрде есептен шығарылады.
Астана қаласының тұрғыны Ғалым Сыздықов бүгін барлық рәсімнен бір сағаттың ішінде өтті.
"Сағат 10-да "автоцонға" келіп, e-gov арқылы сол жердегі мамандарға тексерттім. Содан бірден "Сіздің автокөлігіңіз толық тексерістен өтті, заңдастырылады", - деген хабарлама келді. Сосын ангарға жіберді. Бәріне бір сағаттай уақыт кетті", - деп атап өтті Сыздықов.
Бір реттік акция 1 шілдеге дейін жалғасады.
Негізгі талаптар:
көлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы қажет;
криминалдық есепте болмауы керек;
басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуға тиіс;
Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік болса, кедендік тазартудан өтуі керек.
Өтінім беру жолдары:
е-gov.kz электронды үкімет порталы;
екінші деңгейлі банктердің қосымшалары;
ХҚКО-ның өз-өзіне қызмет көрсету секторы.
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін бірнеше құжат тапсыру қажет. Олар:
өтінім,
өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат,
көліктің паспорты немесе тіркеу туралы куәлік,
көлікке меншік құқығын растайтын құжат.
Айта кетері, бүгін сағат 18:00-ге дейін 2000-нан астам өтінім мақұлданды, оның ішінде 100 адам көлігін заңдастырып, тиісті құжатын алып үлгерді.
Жаңалықтар
0